Развернуть
Жезқазған қаласы әкімінің аппараты
Мемлекеттік мекемесінің ресми сайты
Опубликовано: 29 апреля 2017 . Обновлено: 02 мая 2017

Құрметті жезқазғандықтар! Қала қонақтары!

Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз.

Біздің көпұлтты республикамыздың барлық тұрғындарының достығы мен келісімін паш ететін айтулы мереке әрбір қазақстандық үшін өте маңызды.

Бұл мерекенің еліміз үшін зор маңызы бар екенін Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз достықты сақтап қалдық. Халықтың ерік-жігері арқасында біз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барлық этностардың тең құқылығы, бірлігі мен келісім жолын таңдадық» деп атап көрсеткен болатын.

Көптеген ұлттар мен ұлыстар қазақ жерін  өз Отаны деп біледі. Соның нәтижесінде, біз бүгін гүлденген, дамыған Қазақстанның негізін қаладық. Қазақстан Республикасы әрбір ұлт пен халықтың тілін, дәстүрі мен мәдениетін құрметтей отырып, әлемдік қауымдастық алдында достық пен бірліктің үлгісін көрсетіп отыр.

Қаламыздағы  100-ден астам ұлт өкілдері мысты өлкенің әлеуметтік-мәдени өміріне белсенді атсалысып, өз үлестерін қосып келеді. Біз тек осылайша бірлесе отырып, өңірімізді өркендету мақсатында қолға алынып жатқан істерді жүзеге асыра аламыз.

Қымбатты жерлестер!

Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен  құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, бейбіт өмір мен молшылық, табыс тілейміз.

Жезқазған қаласының әкімі Б.Ахметов.

Қалалық мәслихаттың хатшысы С.Медебаев.