Развернуть
Жезқазған қаласы әкімінің аппараты
Мемлекеттік мекемесінің ресми сайты

Белсенді жас – ел болашағы

8 октября 2019

Жастар жылы және қаламыздың 65 жылдық мерейтойы аясында «Ғарышкерлер» бульварында Жезқазған қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара кеңгірлік балғындардың күмбірлеген күйімен ашылды. Одан әрі қаламыздың мектептен кейін білім беретін оқу орындарының жастары Жезқазғанға арналған жыр шумақтарын төгілтіп, әсем әндерін орындады. Концерттік бағдарламамен басталған жастар байқауы әрі қарай спорттық іс-шаралармен жалғасын тапты. Бульвардың әр тұсында садақ ату, қол күрес, арқан тартыс,  асық ату сынды қазақтың ұлттық ойындарынан жастар өзара бәсекеге түсті. Талапты жастарға «Kazakh mys» корпорациясы «Zhastar bolashaq» жастар ұйымы басшысының орынбасары Сәкен Қайратов алғыс білдіріп, арнайы сыйлықтар табыстады.

– Құрметті қала жастары, алдыңғы буын аға-әпкелеріңіз  жақсы істерге ұран тастап, осындай түрлі мәдени, спорттық іс-шараларын ұйымдастырған сәттерде артқа тартпай, әрдайым алға ұмтылыңыздар. Себебі, ел басқарып, қоғам игілігіне жұмыс жасап жүрген барлық белгілі азаматтар алғашқы қызмет баспалдақтарын  осындай қоғамдық жұмыстардан бастаған. Сіздер тәуелсіз еліміздің ертеңі ретінде талапты да тәртіпті болуларыңыз керек. Ата-аналарыңыз бен еліміз  артып отырған сенімді абыроймен ақтауға тырысыңыздар, – деді өз сөзінде Сәкен Қайратов.

         Спорттық ойындар қорытындысы бойынша асық ату ойынында  Жезқазған тау кен металлургия колледжінің студенті Мейрамбек Әбдуоқап, қол күрес бойынша Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенті Ерасыл Мұхамедиар, арқан тартыс ойыны бойынша Жезқазған жоғарғы медициналық колледжінің командасы бірінші орынға ие болды.

– Бүгінгі шараның қала жастары үшін маңызы ерекше. Себебі, бұндай спорттық байқаулар жастарға бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Көбіне қала балалары қазақ халқының ұлттық ойындарын, олардың ережелерін біле бермейді. Ал, бүгінгі сайыс жоқтың орнын толтыруға мүмкіндік беріп отыр. Мен барлық жезқазғандық жастарды белсенді өмір салтын ұстануға шақырамын, – деген Жезқазған тау кен металлургия колледжінің І курс студенті Мейрамбек Әбдуоқап алдағы уақыттарда да осындай мазмұнды шаралар жиі ұйымдастырылса деген ұсынысын білдірді.

 Жезқазған қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ботакөз Мұхитденова жастарды белсенді болуға шақырып, шаралар келесі аптада да жалғасын табатындығына сендірді.