Развернуть
Жезқазған қаласы әкімінің аппараты
Мемлекеттік мекемесінің ресми сайты

ЖЕЗҚАЗҒАН БИЗНЕС ЖӘНЕ КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНЕ – 10 ЖЫЛ

19 октября 2019

ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ

Бұл оқу орны – мысты шаһар Жезқазғанның осы санаттағы ең жас білім ордасы. Білімді жастарын биікке жетелеп, білікті маман тәрбиелеуді басты мақсаты еткен білім ошағы жас та болса, жасампаздықты үлгі етіп, кәсіби техникалық білім берудің озық үлгілерін тәжірибе барысында жүзеге асырып келеді. Алғыр студенттер мен арда ұстаздардың құтты мекеніне айналған оқу ордасының құрылғанына биыл – 10 жыл.

         Жезқазған бизнес және көлік колледжі небәрі он жыл ішінде Ұлытау-Жезқазған аймағына ғана емес, республикаға танылған абыройлы білім ошағына айналды. 2009 жылы Қазақ қатынас жолдары университетінің Жезқазған қаласындағы қашықтықтан оқыту және кәсіптік бағдар орталығы ретінде құрылған колледж бүгінгі таңда ҚР СТ ISO  9001-2016 «Сапа менеджмент жүйесі» стандартына сәйкес жүйелі жұмыстар атқаруда.

Колледжде екі оқу корпусы, студенттер жатақханасы, арнайы жабдықталған оқу аудиториялары, интерактивті зал, кітапхана және оқу залы, оқу зертханасы,  шеберханалар, тәжірибелік сабақтарға арналған  оқу полигоны, интерактивті тақта және арнайы модификациялы оқу құралдарымен жабдықталған кабинеттер, студенттерге арналған кафе және асхана жұмыс жасайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу жиынында кәсіби білім беру жүйесін дамытудың негізгі басымдықтарына арнайы тоқтала келе: «Сұранысқа ие индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярлауды іске асыру керек» деп нақты атап айтқан болатын. Елбасы жүктеген міндеттерге сәйкес колледж қабырғасында теміржол саласы, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, автомобиль, теміржол құрылыстары, тігін өндірісі, автоматтандыру және басқару бейіні, мұнай мен газ өндірудің технологиялық процестерін автоматтандыру және басқару бейіні, туризм, жалпы тоғыз мамандық бойынша білім береді. Бүгінгі таңда колледж 9 мамандық, 19 біліктілік бойынша 942 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі орта буын мамандары мен жұмысшы мамандар даярлауда. Олардың 556-сы – мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жатқан студенттер.

Жезқазған бизнес және көлік колледжі – «Мәңгілік ел жастары –индустрияға. Серпін-2050» бағдарламасын жүзеге асырушы жезқазғандық оқу орнының бірі. Бағдарлама аясында колледж 2015 жылы – 50,  2016 жылы – 30 студент қабылдаған. Алғашқы болып мысты шаһардың серпіндік жастарын қанат қақтырған оқу ордасы оларды жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша да алдыңғы қатардан көрінді. Бүгінде «Серпін-2050» білім бағдарламасы негізінде маман атанған колледж түлектерінің 75%-ы жұмыспен қамтылды. Ал, жалпы статистикаға сай колледжді бітірген түлектердің 80%–ы жұмыспен қамтылған. Колледжге орта мектепті бітірген соң жоғарыда аты аталған мамандықтар бойынша оқуға түсіп, сапалы кәсіптік білім алып шыға аласыз. Студенттерге негізгі кәсіптік білім алып шыққан соң бір жыл тағы да жұмысшы мамандығын игеру мүмкіндігі қарастырылған.

Бизнес және көлік колледжіне жыл сайын оқу грантары бөлінеді. Мысалы, 2017-2020 оқу жылында 401 студент колледжде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған. Қазіргі таңда колледж ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Жезқазған филиалы – «Қарағанды жүк тасымалдау бөлімшесі», «Tranco Zhezkazgan»  ЖШС,«Нұр-Жол-Алем» ЖШС   Жезқазған бойынша бөлімі, «Integra Construction kz» Южная дирекция» ЖШС, «Марал-Нур», «Ютария ltd»  ЖШС, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы»АҚ «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» филиалының Жаңаарқа сигнализация және байланыс дистанциясы, СТО «Тұлпар» бөлімі, «КазТрансОйл» АҚ Жезқазған мұнай құбыры басқармасы, Жезқазғандағы қалалық автомобиль жолдары басқармасы, «АлмасҚұрылыс Kazakhstan» ЖШС, Қарағанды облысы, Жезқазған қалалық соты, Жезқазған тарихи- археологиялық музейі сынды мекемелермен әлеуметтік серіктестік орнатып, студенттердің іс-тәжірибелік жұмыстары үшін тиімді байланыс орнатып отыр. Студенттерге ақылы іс-тәжірибеден өту мүмкіндігі жасалғанын да атап өтпеске болмас. Болашақ мамандар еліміздің 12 өңірінде жобаға қолдау білдірген «ҚазТрансОйл» компаниясында білімдерін тәжірибе жүзінде сынап жүр.  

«Шексіз білім беру» инновациялық жобасы шеңберінде шетелдік білім беру мекемелерімен де тығыз байланыс орнату жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылы алғаш рет  «Туризм» мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырысқа студенттер қабылданды. Соған орай студенттердің кәсіби тәжірибеден өтулерін қамтамасыз ету мақсатында  «Caspian Center» академиясымен ынтымақтастық меморандум жасалды. Енді студенттерді Түркия Республикасында қонақ үй шаруашылығы мен  туризм саласы бағытында  кәсіби іс-тәжірибеден өткізу  мақсатында арнайы жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Колледж өмірінде аталмыш білім ошағының құрылтайшысы, Қазақстан Республикасының Білім меценаты, тарих ғылымдарының кандидаты, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қарағанды облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбековтің  орны бір төбе. Мемлекет деңгейіндегі түрлі марапат иегері атанған оның жетістіктерін айтып тауысу мүмкін емес. Оқу ордасына барынша көмек көрсетіп, игі істердің шарапатшысына айналған оны барлық колледж студенттері мен ұжымы құрмет тұтады.

«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» дейді қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы. Шәкірт зердесіне пайдалы білім мен қатар, саналы тәрбиені де сіңіру – ұстаздық қызметтің басты ұраны. Міне, осынау ұранды өз істеріне мызғымас қағида еткен Жезқазған бизнес және көлік колледжінің ұстаздары да мақтауға тұрарлық. Колледж директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры, ҚР Білім беру саласының үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгінің иегері – Светлана Жумкина. Қазіргі таңда Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты қызметін де қоса атқарып жүрген ол – ұстаздық мейірім мен іскерлік шеберлікті дөп ұштастырған аяулы ана.

Қос басшының қанатының астында білім алып жатқан шәкірттердің де, тәлім беруші ұстаздардың да жетістіктері көз қуантарлық. Колледжде тек білгір ұстаздар қауымы жинақталған. Қазіргі таңда оқу ордасында 50 педагог жұмыс жасайды. Олардың 8-і – ғылым кандидаты, 8-і – ғылым магистрі және 15-і – жоғары санатты, 12-сі – І санатты оқытушылар. Ұстаздық еңбектің биік шыңына көтерілген олар – «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, Білім беру ісінің құрметті қызметкері,  «Ұлт мақтанышы» төсбелгілерінің иегерлері. Нәсіп Исатаева, Мадина Байкенова, Жанат Абынағиева, Анар Бірлібекова, Гүлнар Амзина, Надежда Дисекенова, Лауар Оспанова, Нұргүл Омарова, Гүлнәр Мусина, Гүлнұр Түсіпбекова, Гүлдана Алтынбекова, Ақмаш Молдабек, Ерболат Садуақасов, Қарлығаш Сарина, Мадина Тұңғышбаева, Айжан Қомарова, Әлия Сүлейменова сынды аяулы ұстаздар  колледждің он жылдық тарихы мен тыныс-тіршілігінде аянбай еңбек етіп, шәкірттердің алғысына бөленген.

Дөңгелеген дүние дүбірінде 10 жыл уақыт  аса бір көп кезең емесі анық. Ғылыми техникалық революцияны әр секунд сайын өткеріп жатқан ХХІ ғасыр - әсіресе, білім-ғылым саласында жеделдікті, ізденімпаздықты, жан-жақтылықты талап етеді. Міне, он жыл ішінде тек қала төңірегінде ғана емес, Ұлытау-Жезқазған аймағының беделді оқу орындарының біріне айналып, республика дәрежесінде биік жетістіктерді бағындыра білген Жезқазған бизнес және көлік колледжі мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Ендеше, бұл колледждің болашақта да дана Абай артқан үмітке, Мағжан ақын артқан сенімге селкеу түсірмей тек биікте жарқырай беретініне кәміл сенімдіміз.