Развернуть
Жезқазған қаласы әкімінің аппараты
Мемлекеттік мекемесінің ресми сайты

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ЖАЛАУЫН КӨТЕРМЕК

20 октября 2019

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиев атындағы ІІІ халықаралық театрлар фестивалінің өтуіне байланысты баспасөз конференциясы өтті.

Халық арасында «Жезқазған – театр Меккесі» аталып кеткен мысты шаһарға биыл Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Семейдің Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық-драма театры, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, сондай-ақ, Қырғыстан Республикасының А.Умиралиев атындағы Бішкек драма театры, Өзбекстан Республикасының «Турон» Мемлекеттік театр студиясы, Тәжікстан Республикасының М.Вохидов атындағы Тәжікстан Мемлекеттік жастар театры келіп, өз өнерлерін ортаға салатын болады.

         – Бұл фестивальдің тек республика көлемінде ғана емес, алыс-жақынды шетелдерге Ұлытау-Жезқазған аймағын таныстыруда маңызы өте зор. Облыстың бұрынғы басшысы Ерлан Қошановтың бастамасымен биыл халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып жатқан театрлар фестивалі көптің назарын мысты шаһарға аударып отыр. 15-19 қазан аралығында өтетін театрлар фестивалінде С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» драмасын дайындап жатыр. Театр әртістері де қызу дайындық үстінде. Бес күнге созылған фестивальде Г.Гориннің «Ұмытыңдар оны», Иран Ғайыптың «Адасқан бақ құсы», Х.Мюллердің «Филоктет–Медея», А.Фирдоусидің «Знамя Ковы», Ш.Айтматовтың «Есімде», «Шынарым менің, шырайлым менің» спектакльдері сахналанады. Кез келген өнерсүйер қауым спектакльдерді тегін тамашалай алады. Және де тұрғындар арасында техникалық тұрғыдан қонақтарға көмек көрсетуге ниетті жандар табылса нұр үстіне нұр болар еді, – деді өз сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев.

         Фестивальге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай, театртанушы, сыншы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы Меруерт Жақсылықова, өнертану ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының «Театртану және кино» бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының суретшісі Мұрат Сапаров қазылық етеді. Сондай-ақ, фестивальге құрметті қонақ ретінде Жанат Хаджиевтің жары, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Рашида Хаджиева, туысы Сәтжан Кәкімов, жиені Ерсұңқар Түлкиев пен еліміздегі театр басшылары мен мәдениет саласының қызметкерлері шақырылды.