Развернуть
Аппарат акима города Жезказган
Официальный сайт государственного учреждения
Опубликовано: 16 декабря 2017

ЖАҢҒЫРУ мен ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫНДА

16 желтоқсан – бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы арманы орындалған, өлгені тіріліп, өшкені жанған, қазақ мемлекеттілігін жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған ел Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге биыл 26 жыл толды.

Тарихқа көз жіберетін болсақ, осы егемендік жолында халқымыз талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерді. Бірнеше жүз жылға созылған отарлықтың патшалық Ресей дәуірінде де, Кеңес одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықпен бірге жасасты. Осы жолда қазақ халқы әлем тарихындағы жан түршігерлік оқиғалар санатына енген талай зұлматты көрді. Тек, өткен ғасырдағы ұжымдастыру саясаты салдарынан болған ашаршылық, одан кейінгі саяси қуғын-сүргін қазақ халқына өте ауыр соққы болды. Екінші дүниежүзілік соғыста да қазақ халқы ерен ерлік үлгісін көрсетіп қана қоймай, үлкен құрбандыққа барды.

Кез-келген мемлекет үшін оның құрылған күні, ал, отарлық жүйеден шыққан елдер үшін Тәуелсіздік жариялаған күні ұлы мереке. Бұл – әлемдік үрдіс. Қазақстан үшін, республика халқы үшін де Тәуелсіздік күнінен маңызды, Тәуелсіздік күнінен қастерлі мейрам жоқ. Тарих үшін өте қысқа мерзім болғанымен, егемендіктің осы 26 жылында елімізде мемлекеттілікті нығайту мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлы істер жүзеге асты. Одақтас республикалар өз алдына дербес мемлекет атанып, КСРО деген алып мемлекет ыдырағанда оның құрамында болған әрбір республика біршама экономикалық, саяси қиындықтарға тап болды. Алайда, ол қиындықтар халықтың егемендікке деген ұмтылысы мен тәуелсіз ел болуға деген ынта-жігерін жоя алмады. Әлемдік саясат сахнасына Тәуелсіз мемлекет ретінде көтерілген Қазақстан да елдіктің үлгісін көрсетіп, көрегендік танытты. Ортақ жүйеге негізделген экономиканы құлдыратпай, дербес саясат құрылды, ел ішіндегі ірілі-ұсақты өнеркәсіп орындарының жұмысы тоқтамай, шет елдерден инвесторлар тартылды. Заман талабы, уақыт сынына орай бірқатар шаруашылықтар нарықтық жүйеге бейімделіп, қайта құрылымдалды. Экономикалық тәуелсіздігіміздің басты символы Ұлттық валютамыз – төл теңге айналымға енді.

1992 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Әлемдік қауымдастықтың толыққанды бір мүшесі ретінде еліміз өз ұстанымдарын айқындап, сыртқы саясатта бейбітшілік пен келісімге негізделген қарым-қатынасты нығайтты.

 

БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚКҰ сынды көптеген халықаралық институттар құрамында өзіндік орны бар елге айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халықаралық деңгейде бірқатар шаралар жүзеге асты. Жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде қазақ елінің әлемдік аренадағы абыройы жоғары. 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммиті, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген әлемдік діндер съезі, түрлі экономикалық форумдар Қазақстанның сыртқы саясаттағы оң беделін қалыптастырып қана қоймай, еліміздің геосаяси тұрғыдағы салмағын да арттырды.

 

Сирия мәселесі бойынша елордада өтіп жатқан келіссөздерден бүгінде көптеген елдер мен ұйымдар үлкен үміт күтіп отыр. Әлемді алаңдатқан терроризм мәселесінің оң шешім табуына қосылған бұл да бір үлкен үлес.  

Мемлекет тәуелсіздігімен бірге халқымыз сана тәуелсіздігін де алды. Солақай саясат ұмыттыра жаздаған ата діні мен салт-дәстүрі, ана тілі мен төл мәдениеті қайта оралды. Тарихты тану, тарихи жадына қалпына келтіру жайы күн тәртібіне шығып, бұрын жабық тақырыптар саналып келген көптеген бағыттар бойынша ғалымдардың жұмысы жанданды. Егемендік жолында құрбан болған, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстары, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар ақталды. Олардың еңбектері мен өмір жолы мемлекеттік деңгейде насихатталып, бүгінгі ұрпақ санасына мықтап сіңірілуде. Болашақ ұрпаққа да кешегі тарихымыздан сыр шертетін мол мұра қалмақ. Елбасы жариялаған «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» сынды бірқатар мемлекеттік бағдарламалар соған дәлел. Биыл сәуір айында жарық көрген Президентіміздің «Болашаққа бағлар: рухани жаңғыру» атты мақаласы да ел руханиятына жаңа серпіліс әкелген бағдарламалық құжат болып отыр. Өткен тарихымызды саралап, ұл мәдениетінің мәйегін келер ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен мақала міндеттерін қоғам қуана қабылдап, қызу қолдауда. «Рухани жаңғыру» мақаласындағы Елбасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық» жобалары шын мәнінде нағыз халықтық жобаға айналды. 2025 жылға дейін жүзеге асатын қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жұмысы да осы мақалада ресми түрде бастау алып, ғалымдар мен мүдделі топтардың қызу талқылауы нәтижесінде жаңа әліпби үлгісі пысықталуда.

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында қаламызда сәуір айынан бері көптеген іс-шаралар өтіп, ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүрді. Қоғамдық пікір көшбасшылары мен ғалымдардан, мемлекеттік қызметшілер мен депутаттардан құралған ақпараттық түсіндіру тобы барша жезқазғандықтарға рухани жаңғыру бағдарламасының негізгі өзегін жеткізуге жұмыс жасауда. Осы бағдарламалық құжаттың басты бағыттарында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырту бағыттары: бәсекелік қабілеті, прагматизм (бұл өзінің ұлттық және жеке байлығынды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай білу деген сөз), ұлттық бірегейлікті сақтау (ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс), білімнің салтанат құруы (бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді), қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы (біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді), сананың ашықтығы.   Аталған бағыттар Тәуелсіз еліміздің әлемдік кеңістікте өзің танытуына, ұлы дала ұрпағының кемелденуіне кең жол ашады.

Бүгінде әлемдік қауымдастық Қазақстанды бейбітшілік пен ынтымақтың, халықтар достығы мен мәдениеттер сабақтастығының алтын бесігі ретінде қабылдайды. Елімізде қазіргі таңда жүзден астам диаспора өкілдері тату-тәтті күн кешуде. Бірнеше діни конфессиялық ұйымдар қолданыстағы заңнама шеңберінде өз жұмыстарын жүргізуде. Жезқазған қаласында да рухани бірлестіктердің, діни конфессиялық ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің жұмысы жүйелі жолға қойылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жергілікті жерлерде құрылған Қоғамдық келісім кеңестерінің осы бағыттағы жұмыстары көңіл қуантарлық. Жезқазған қаласының қоғамдық келісім кеңесі республика бойынша үлгілі жұмыстарымен, өнегелі істерімен көзге түсіп, ұлт бірлігін нығайту бағытында біршама шара ұйымдастыруда. Этно-мәдени бірлестіктер жезқазғандық іс-шаралардың негізгі қатысушылары. Ел бірлігін нығайту бағытындағы әрбір игі іс Тәуелсіздігімізді баянды етеді.

Жезқазғандықтар тәуелсіздік жылдарындағы Елбасының көреген саясаты мен даму мен жаңғыруға бастаған реформаларын толық қолдап келеді, алдағы уақытта да қолдай бермек. Еліміздің басты құндылығы егемендікті сақтау, мемлекет тұтастығы мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту жолында тек мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтастай қоғам алдында қыруар міндеттер тұр. Елбасымыз Н. Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы  қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», - деп атап өткендей, ол міндеттердің жүзеге асуы, ел тәуелсіздігінің баянды болуы, Қазақстанның бабалар аңсаған Мәңгілік елге айналуы әрбір қазақстандықтың отанға деген махаббаты, Отан алдындағы азаматтық парызын терең сезінуі арқылы мүмкін болады. Сонда ғана еліміздегі жаңғыру мен жасампаздық үлгісі жалғасын тауып, келер ұрпаққа кемел мемлекетті аманаттаймыз. 

 Мереке МЫРЗАБЕКОВА,

Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы

қостүбіртек дауына нүкте қойылды

Өткен аптада Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа  Жезқазғанға арнайы іссапармен келіп, 2016 жылдың ақпанынан бері шешімін таппай келе жатқан жарық дауына  нүкте қойды.

Жергілікті БАҚ өкілдерінің басын қосқан баспасөз мәслихатына облыс, қала әкім орынбасарларынан басқа «КEGOC» АҚ аймақтық диcпетчерлік орталығы басшысы Алексей Слободин, Қарағанды облысы бойынша электр тексеру департаменті жетекшісінің орынбасары Асхат Жақыпов және «Қазақмыс Дистртбюшн» ЖШС бас директоры Валерий Сибагатулин мен электр желілері кәсіпорнының техникалық директоры Виктор Сотников қатысты.

Кездесуге төрағалық еткен Анатолий Шкарупа Жезқазған-Сәтбаев өңіріндегі екі түбіртек мәселесі елімізде бұрын-соңды болмаған «нонсенс» екенін айтып, тұрғындарды әбден әбігерге салған өзекті проблеманы әріден бастағанды жөн көрді. 

– Жергілікті атқарушы билік өкілдері бір-бірімен бәсеке компаниялардың арасына түсіп, тіпті олардың бірінікі дұрыс, енді бірінікі бұрыс деп бағалауға қауқарсыз болды. Дегенмен, коммуналдық қызмет қарызының шаш етектен келуі және екі оттың ортасында қалған қос қаланың тұрғындарының бас ауруын шешу үшін бізге бұл мәселеге араласуға тура келді, – деген ол  жарық жеткізуші «ЖезказганЭнергоСбыт» ЖШС 2016 жылдың ақпанынан бастап жезқазғандық жеке тұлғалар үшін электр энергиясының 1 кВтын да сатып алмағанын ресми түрде мәлімдеді.

Бұдан шағатын бір-ақ қорытынды бар.  Яғни, осы күнге дейін біздің үйімізді жарықпен қамтамасыз еткен электрэнергиясын таратушы компаниядан «КазЭнергоЦентр» ЖШС сатып алған. Қаладағы 29 мың тұтынушының 5 900-ы осы күнге дейін «ЖезказганЭнергоСбыттың» қалтасын қампитып келген. Бүгінгі күні қала тұрғындарынан заңсыз ақша жинап келген осы компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалып, олар алаяқтық бабы бойынша айыпталуда. Сондай-ақ, Қазыбек би аудандық соты «ЖезказганЭнергоСбыт» ЖШС дерекқорына шектеу қойған. Дегенмен, осыған қарамастан аталмыш электр жеткізуші түбіртек таратуды доғармаған.

Енді «ЖезказганЭнергСбытке» төлеп келген тұрғындар не істемек?» деген сұрақ туындайды. Жарық жыры басталғалы «ЖезказганЭнергСбыт» ЖШС қарамағынан «КазЭнергоЦентрге» өтпегендер төлеп келген түбіртектерін жинақтап, Ы.Анарқұлов көшесіндегі кеңсеге барып, келісім-шарт жасасады. Олардың мойнына қарыз ілінбейді. Бұған дейін төленген қаржыны «КазЭнергоЦентр» «ЖезказганЭнергоСбыттан» сот арқылы өндіріп алады. Ал, «қай жеңгені – менікі» деп екі жаққа да жарық үшін төлемегендер де «КазЭнергоЦентр» кеңсесіне асыққаны жөн. Өйткені, әуел баста сағатына 1кВт үшін 12,49 теңге алып келген «КазЭнергоЦентр» ЖШС биылғы тамыздан бастап бағаны өсірді. Бұған себеп те жоқ емес. Олардың қарызы 1 млрд 200 млн. теңгеге жеткен. Яғни, бұл сомманың жинақталып қалуына тұрғындар тікелей байланысты. Бірі «ЖезказганЭнергоСбытке» төлеуді жөнді, енді бірі мүлде төлемеді. Нәтижесінде нөлдерінде көз сүрінетін берешек қордаланып қалды. Сол үшін «КазЭнергоЦентр» компаниясы қаржысының тапшылығынан арзан сауда-саттыққа қатыса алмай электр энергиясын Петропавл, Өскемен және Екібастұздан қымбат бағаға сатып алған. Айта кету керек, арзан сауда-саттыққа қатысу үшін алдын ала төлем жасау сынды талаптар бар көрінеді. Осылайша, бағаның қымбаттауы орын алған.

Осы жөнінде егжей-тегжейлі баяндаған облыс әкімі орынбасарының сөзін  «КЕGOC» АҚ аймақтық диспетчерлік орталығы басшысы Алексей Слободин дәлелдей түсті. Ол тәулігіне жеткізілетін жарықты санап, электр энергиясының балансына сүйеніп, Жезқазған – Сәтбаев қалалары үшін «ЖезказганЭнергоСбыт» ЖШС-і 2016 жылдан бері жарық сатып алмағанын шегелеп айтты. Сөз алған Жезқазған қаласы прокурорының орынбасары Жанболат Мұқышев пен  «Қазақмыс Дистртбюшн» ЖШС бас директоры Валерий Сибагатулин де «ЖезказганЭнергоСбыттың» пайдасына мардымды ештеңе айтпады. Тек, электр желілері кәсіпорнының техникалық директоры Виктор Сотников қана «мен сендерге айттым ғой» дегендей иық қысумен болды. Еске сала кетейік, Виктор Сотников жергілікті «Дидар» арнасы арқылы және сан рет өткізілген нүктесіз жиналыстарда «ЖезказганЭнергоСбыт» ЖШС тұрғындарды жарықпен қамтамасыз етпейтінін айтудан жалықпады. Дегенмен, тұтынушыларды биліктегілердің «қайда төлеуді өздеріңіз таңдайсыздар» деген соңғы сөзі жаңылыстырса керек? Қала әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев өз сөзінде «ЖезказганЭнергоСбыт» пен «КазЭнергоЦентр» ЖШС-інің нақты қайсысы жезқазғандықтарға жарықпен жабдықтағанын дәлелдейтін құжаттың кешігуіне байланысты, ақ пен қараны ажырату мүмкін болмағанын айтты. Дегенмен, енді кінәлілерді іздеу тым кеш. Ең бастысы, тұрғындар «кімге?» және «не үшін?» төлейтінін біледі...

Ал, біз өз кезегімізде халықтың бас ауруына айналған бұл мәселенің түйінін тарқатқан  «әй» дейтін әженің, «қой» дейтін қожаның табылғанына қуандық!

Диана ОРАЗАЛИНА
Суреттерді түсірген Ғалия Әбдіғаппарова

Апат айтып келмейді

Алматы қаласы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында табиғи апат болған жағдайда тұрғындардың өміріне қауіп төнер болса, олар мысты өлкеге қоныстандырылады. Бұл жауапты міндет Жезқазған қаласының төтенше жағдайлар басқармасына келер 2018 жылдан бастап жүктелмекші. Осы орайда республикалық «Қоныс – 2017» командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті.

Облыстық төтенше жағдайлар депар-таментінің бірінші дабылы бойынша Жезқазған қаласының төтенше жағдайлар басқармасы шұғыл түрде қалалық әкімдікке Жезқазған қалалық эвакуациялық комиссия мүшелерін жинады да кезекті отырыс өткізді. Отырысқа Жезқазған қаласының төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары, подполковник Дәурен Дәулетбаев төрағалық етіп, күн тәртібімен таныстырды.

– Еліміздің оңтүстігі жер сілкінісіне бейім болғандықтан, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Жезқазған қаласында эвакуациялық қабылдау бекеті құрылады. Қауіпті аймақтан көшірілетін тұрғындар бізге пойызбен жетіп, кейін қалалық білім және мәдени ошақтарға орналастырылады. Оларды ас-сумен, төсек-орынмен және басқа да қажеттіліктермен жабдықтау қалалық әкімдікке жүктеледі. Сондықтан, дайындықты қазірден бастап төтенше жағдайға сақадай сай болуымыз қажет. Қалалық эвакуациялық қабылдау бекеті дайындығын облыс әкімінің орынбасары төрағалық еткен комиссия жіті тексеретін болады, – деді ол.

Сөз алған азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы, капитан Дулат Асанов қалалық эвакуациялық комиссияның 2017 жылғы жұмысын қорытындылап, келер 2018 жылға қойылған міндеттері жөнінде баян етті. Үстіміздегі жылы эвакуациялық комиссия мүшелері бір рет қана су тасқынына байланысты басқосса, 2018 жылы комиссияның 3 отырысын өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, келесі жылы Жезқазғанда қалалық және аудандық эвакуациялық комиссиялардың қатысуымен облыстық оқу-әдістемелік жиын өткізілмекші. Осы орайда, қалалық комиссия мүшелері дайындықты күшейтуге және бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Республикалық «Қоныс – 2017» коман-далық-штабтық оқу-жаттығуы қалалық №9 тірек (ресурстық орталық) мектеп-интернатында жалғасты. Мұнда қауіпті аймақтан көшірілгендерді орналастыру тәртібін тәжі-
рибеден өткізіп көрді. Пойыздан күтіп алынған тұрғындарды бірінші тіркеу орнына апарып, олардың аты-жөнін жазып алады. Дәрігердің көмегін қажет ететіндер болса, оларды медициналық пункке апарады. Ал, қалғандарын мектептің спорт залына орналастырады. Сондай-ақ, мектепте «Ана және бала» бөлмесі болуы қажет. Мұнда кеудедегі сәбиі бар аналар орналасады.Бұл бөлме сәбилі анаға қажеттінің бәрімен жабдықталады.

Республикалық «Қоныс – 2017» коман-
далық-штабтық оқу-жаттығуының қорытын-дысы бойынша Жезқазған қаласы қауіпті аймақтан көшірілетіндерді қабылдауға әзір. Дегенмен, осы дайындықты іс жүзінде байқап көруге жазбасын!...

Диана ОРАЗАЛИНА

ескі үйлерді жаңғырту

мүмкіндіктері қарастырылуда

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының ғимаратында «Қарағанды
облысы тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС өкілдері қала тұрғындарымен кездесті.

Қаламыздың тұрғын үй қорында биылғы жылдың 1 желтоқсандағы есебі бойынша жалпы көлемі 1552,2 мың шаршы метр болатын 649 тұрғын үй тіркеуде тұр. Бұл тізімдегі 262-сі ескі үйлер деп танылса, тағы 28-і бекітілген техникалық тұжырымдамасына сәйкес   апаттық жағдайда. Бұл жөнінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қуанышбек Сансызбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2011-2020 жылдары ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2012-2014 жылдар аралығында қаламызда жалпы сомасы 178,9 млн теңгеге 13 көпқабатты үй жөндеуден өткен. Дегенмен, әлі де 300-350 жуық тұрғын үй күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.    

Аталған бағдарлама жөнінде «Қарағанды облысы тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС заңгерлері Бэлла Жаналина мен Әлібек Әденов толығырақ айтып берді.

– Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы – мамандандырылған уәкілетті мекеме. Басты қызметіміз – көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Бұл бағдарлама бойынша көмек алу үшін тұрғындар әкімдікке арыз жазып, қажет етілетін жөндеу жұмыстары туралы хаттама толтырады. Кейін тұрғындар ұсынылған мердігер ұйымдар арасынан біреуін таңдап немесе өздері жалдап екінші хаттама толтырады. Біз тұрғындарға мердігердің қызметіне төлейтін ақыны береміз. Жөндеу жұмыстары жасалғаннан кейін тұрғындар берілген соманы 8-12 жыл аралығында бізге қайтарады, – деп жаңғыртудағы басты талаптарды түсіндірді.

Жиынға келген апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындары көпқабатты тұрғын үйлердің іргетасы күннен күнге сөгіліп жатқанын айтып, дабыл қақты. Мысалы, Пугачев көшесінде орналасқан 12-үйдің тұрғыны Әкімжан Сарханов  бес  жылдан астам уақыт бойы үйдің астын су алып, үйдің іргетасы опырылуға айналғанын айтты. Ал, осы үйді мекен ететіндердің басым көпшілігі  зейнеткерлер болғандықтан, үйді жөндеуге олардың шама-шарқысы да, қаражаты да жоқ. Сондықтан, Әкімжан аға жаңғырту бағдарламасы аясында үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруді өтінді. Мамандар тұрғынға құжаттарды жинап, арыз өткізуге кеңес берді. Осылайша, тұрғындар бас ауруына айналған апатты баспана мәселесі жақын арада шешімін табатынына сенім білдірді.

Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА
Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Әскерден жалтарғандарға жаза бар

Біріне әскер қатарына алынып, сарбаз атану арман болса, тағы бірі әскери борыштан жалтарып жүр. Кеңес одағы кезінде әскерге алыну бедел болса, қазіргі жастар мен олардың ата-аналары әскер дегенді ести салысымен шаштары тік тұрады. Бұған себеп, әскери бөлімшелердегі әлімжеттік пен өзіне-өзі қол салу
сынды келеңсіздіктер болса керек.

Ата-ананың бауыр еті баласының өміріне алаңдауы да заңдылық. Бірақ, ерді ер етіп, шымырлығын шыңдайтын әскер қатарынан осылайша зіңгіттей жігіттер жалтақтайтын болса, Отанды кім қорғайды?! Биылғы көктемгі әскерге шақырту науқанында 91 жас, ал, күзгі науқанда 60 бозбала әскер қатарына алынғанына қарамастан, әскерге аттануға құлықсыз жезқазғандықтардың қатары азаймай отыр.

Бірақ, енді әскери борышын өтеуден қашқақтағандар заңмен жазаланады. Қа-зақстан Республикасының  Қылмыстық кодек-
сінің 2014 жылғы 3 шілдесіндегі №226-Ү 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен жалтарғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жауапкершілікке тартылады. Мысалы, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтарғандарға бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (бұл шамамен 2 млн. теңге) айыппұл салынады. Немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі, не болмаса көрсетілген мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ, әскерге бармау үшін өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы «аурумын» деп өтірік айтып, жалған құжат жасау немесе өзге де әрекеттер арқылы әскерге қалай да бармаудың амалын жасаған азаматтарға үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі (шамамен 6 млн. теңге)  мөлшерде айыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі. Не болмаса осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал, егер әскерге шақырылушы тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру бөліміне өз еркімен келсе, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Дегенмен, Жезқазған қаласы қорғаныс жөніндегі басқармасы әзірше аталған заңға сүйене қоймады. Бірақ, осы аптадан бастап Жезқазған қаласы қорғаныс жөніндегі басқармасының қызметкерлері рейдке шығып, әскери міндеттілер мен әскерге шақырылатындарды анықтауды қолға алды. Үй-үйді аралаған бір күннің өзінде шақырту бойынша қорғаныс басқармасына келмеген 15 жігіт анықталған. Сондай-ақ, мекемелерді аралау кезінде 3 әскерге шақырылған мен 5 әскери міндетті азамат анықталған. Бұл іске білек сыбана кіріскен қорғаныс басқармасындағылар рейдтті күшейтіп, әскери міндетінен қашқандарға ешқандай кешірім жасалмайды деп отыр. Ендеше, әскерге шақырылатындарда әлі таңдау құқығы бар. Не әскери борышын өтейді, не әке-шешесінің қалтасын қағады. Немесе бас бостандығынан айрылады. Таңда, әскерге шақырылған жас!

Диана ОРАЗАЛИНА

Салымдар сенімді қолда

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Жезқазған өңірлік филиалында ашық есік күні өтті.

Келушілердің назарына «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тақырыбындағы слайд ұсынылып, оны бөлімше бастығы Кенжекүл Оразбекова егжей-тегжейлі түсіндірді.

– Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. Осы модельге сәйкес «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабы негізінде зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған шақта инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының жеке зейнетақы шотында жатқан зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма төлемі есептеледі», – деген ол мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасын есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы жүзеге асыратынын айтты. Зейнетақы жинақтары бойынша біржолғы төлемді алу үшін осы ұйымға жүгініп, тиісті өтінішті толтыру қажет. Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және Қазақстаннан басқа елге қоныс аударғандар алуға құқылы. Айырма төлемін алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда бұл төлем ҚР Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіпте мұрагерге төленеді.

Мемлекеттік кепілдік жайында кеңінен мағлұмат алған тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарына тұщымды әрі нақты жауап алды. Мысалы, қала тұрғыны Әлима Әбсетова өзінің неше жаста зейнеткерлікке шығатынын білмекке келген екен. Мамандар оның 1964 жылы туғанын ескеріп, зейнеткерлік жасқа 63 жаста шығатынын жеткізді. Сонымен қатар, келушілер базалық зейнетақы, ерікті зейнетақы жарналары мен салымдардың жай-күйіне қатысты сұрақ-тар жолдады. Жалпы, осы күні бірыңғай жинақ-таушы зейнетақы қорының Жезқазған өңірлік филиалының қызметкерлері 100-ден аса тұр-ғынды қарсы алып, олардың сауалдарына жауап берді.

Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтарды оларға уақытылы жеткізуді мақсат еткен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мұн-дай ашық есік күнін жыл басынан төртінші мәрте өткізді.

Диана ОРАЗАЛИНА
Суретті түсірген
Ғалия Әбдіғаппарова

АҚИҚАТ ҮШІН АЙҚАСҚАН

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы талай зобалаңды бастан өткерді ғой. Солақай саясат салдарынан орын алған ашаршылық нәубеті, «жар астынан жау іздеген» отыз жетінші жылдың зұлматы, одан қалды шовинистік пиғылдағы кеудемсоқтардың ұлттық кемсітушілігі... Қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұзараф АХАНҰЛЫ жас кезінен бастап осы құқайлардың зардабын бір кісідей-ақ тартып өсті. «Тілі бөлек — тірегі бір, түрі бөлек — жүрегі бір» деп жүрген мамыражай заманның өзінде халықтың жағдайын қаузап, ұлтын сүйгені үшін қудалауға ұшырап, жазықсыз жапа шеккені бар. Қала басшыларының бірі болған ол — «Аханов ұлтшыл» деген атқа қалып, қызмет бабында мехнат шексе де жасымады. Қазаққа қырын қарап, ел мүддесін елегісі келмеген партократ шонжарлармен айқасып өтті Мұзекең.

— Елеулі оқиғаларға толы екі ғасырды көріп өмір сүріп отырмын. Кеңес өкіметі құлады, партиясы тарады. Тарих солай ұйғарды. «Совет одағының ыдырауы аспандағы күннің құлағанындай болды» деп еді Фидель Кастро жарықтық. Кеңес дәуіріне біржақты баға беріп, өткенге тас лақтыратын сыңаржақ қорытынды жасауға өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Қиянат пен озбырлықты адамдар қолдан жасады. Мен социалистік қоғаммен емес, сондай пенделердің өресіз өктемдігімен күрестім. Енді міне, өкініші өзекті өртеген кезең артта қалды. Тәуелсіздік — Алла тағаланың бізге берген сыйы. Әр адам еліне жанашыр болып, аянбай үлесін қосса Тәуелсіздік тұғыры нығаяды, Қазақ елі көркейеді, – дейді көпті көрген Мұзағаң.

Ол қазақ халқы үшін ойраны көп болған отызыншы жылдардың перзенті. Ата-бабасы Ұлытауда өсіп-өнген бұлар ел басына күн туған ашаршылық нәубетінде бір топ ауылдастарымен үдере шұбырып Тәжікстанға қарай өтіпті. Мұзараф 1934 жылы сол өңірдегі Қорғантөбе деген жерде туған. Әкесі Ахан, анасы Сәлиман ұрпағын аман сақтаймын деп басын тауға да, тасқа да ұрады. Қос мұңлық тоғыз баласын жер қойнына тапсырғанда көңілге жұбаныш болып, әрең аман қалған жалғыз тұяқ осы Мұзараф. Сәл кейінірек елге бет түзеуді ниет еткен ата-анасы тәжік жерінен Түркістан маңына оралады. Әкесі Ащысай полиметалл комбинатына кен тасымалдаушы болып жұмысқа орналасады. Аянбай еңбек етіп, өндірістің озаты атанады. Алайда, көреалмаушылықтың салдары болар, аяқтан шалушылардың көрсетіндісімен жазықсыз жалаға күйеді. Ахан Баймаханов бастаған оншақты адам «шетелдік тыңшымен байланыста болып, Ащысай кенішінде диверсиялық жұмыстар жүргізген» деген жаламен 1936 жылдың 14 желтоқсанында тұтқындалады. Сегіз айдай үздіксіз тергеу мен қинауды бастан өткерген Ахаң Орта Азия әскери округі трибуналының үкімімен 1937 жылдың тамыз айында ату жазасына кесіледі. Анасы Сәлиман қайратты адам екен. Осы жағдайдан соң тез ес жиып, 5 жасқа толар-толмас Мұзарафты арқалап, жаяулап-жалпылап туып-өскен өңірі Ұлытауға жетеді. Он құрсақтан қалған жалғызын жеткізу үшін Жезқазған шахталарында тоқ беруші болып жұмыс істейді. Жазықсыз жазаға тартылған Ахан Баймаханұлы 1960 жылы толық ақталады. Қатал уақыт Мұзағаңды  осылайша қатайтып өсірген еді.

Бірбеткей, табанды, қайсар азамат болып ержеткен Мұзараф алдына өршіл мақсат қоя білді. Үлкен Жезқазғанды әлемге әйгілеген қазақтың аймаңдай ұлы Қаныш Сәтбаевтың өнегелі жолы қызықтыратын. Оның үстіне орта мектепті бітіретін жылы Жезқазған геологиялық барлау партиясын басқаратын Шахмардан Есеновтің түлектермен кездесіп, қазақ жастарын геолог мамандығын игеруге шақыруы да көңіл түкпіріндегі ойын мүлдем бекіте түсті. Арманына қанат байлаған жас жігіт Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтына оқуға түсті. Инженер-геолог мамандығын алып шыққан Мұзараф еңбек жолын геологиялық-барлау экспедициясында аға коллектор болып бастады. Кейін кеніш бас геологының орынбасары, шахтапроходкалау тресінің бас геологы жолдарынан өтті. Академик Қ. И. Сәтбаевтың бастамасымен әрі басшылығымен жүргізілген Жезқазған қойнауындағы кен орындары қорларының бас есептеулеріне қатысты. Партком хатшысы болды. Никольский (қазіргі Сәтбаев) қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, қалалық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Жаңадан ұйымдасқан жас қаланың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге білек сыбана кіріскені де осы кез еді. ҚР Түстіметаллургия министрі С. Тәкежановтың, одақтағы осы сала министрі П. Ломаконың назарын кеншілер қаласының тұрмыстық түйткілдерін шешуге аударып, сексенінші жылдардың ішінде 1564 оқушылық жаңа мектеп, жүзу бассейні бар 320 орындық балабақша, 300 адамдық монша, балалар тағамы комбинаты сияқты көптеген әлеуметтік нысандардың салынуын қамтамасыз етті. Мұғалімдер мен дәрігерлерге пәтерлердің көптеп бөлінуіне басымдық берді. Жұмысшылар ортасында шыңдалып, мұң-мұқтаждарына барынша қанық болған Мұзараф Аханұлы «халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шешумен айналыспаса, ондай билік кімге керек» деген бағытынан таймады. Қалалық атқару комитеті төрағасының бұлайша мәселені дербес шешуі қалалық партия  комитетінің бірінші хатшысы Н. Шустов, одан кейінгі осы қызметке келген В. Малышев, обкомның бірінші хатшысы Н. Давыдов сынды басшыларға ұнамады. Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры Т. Урумов та жоғарыдағы министрліктер арқылы көп шаруасының қисынын тауып отырған Аханов туралы «күңкілді» көбейтсе керек. Партия шонжарлары Мұзекеңнің соңына «шам алып» түсті. Бәле-жала жинастырды. Қомақты ештеңе таба алмаған соң, «махровый националист» деген атаққа таңды. Давыдовшылардың қазақ кадрларын екінші сатыға ысырып тастайтынына Аханов қарсы шықты. Мұзекең айтады: «ол кезде бір орыс азаматы қызметінен алынса, «ол неге алынды» деп жоғары жақ түсінік сұрайды.

 Ал, қазақ орнынан алынса, керек қылмайды, жоғарылатсаң «бұл қалай» деп тексере бастайды. Осындай әділетсіздікпен күресуге тура келді». Сондай кезде сексенге келген анасы Сәлиман шыр-пыр болып: «Әкең нақақтан халық жауы атанды, басың бәлеге қалады, балам, қой!» – дейтін көрінеді, қабағы қатқыл қоғамнан сескеніп қалған ана.

Ақыры әділдік іздеймін деп жүріп  Мұзекең өз дегенін жүргізген тоталитарлық жүйе  мен әміршілдік өктем биліктің қудалауына ұшырады.  Партиядан шығарылып, қызметінен қуылды. Осыдан шамалы уақыт өткен соң бұрқ ете қалған желтоқсан оқиғасы себеп болды ма, «ұлтшыл» атанған Аханов екі-үш жылдай партия мүшелігін қалпына келтіре алмай, сергелдең күй кешіп жүріп қалды. Мамандығы бойынша бас геолог болуына тура келді. Солақай саясаттың салқыны білікті педагог, КСРО және Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, бәйбішесі Шабал Бейсенбекқызы мен бүгінде үлкен емдеу мекемесін басқарып отырған дәрігер баласы Жомартқа да өз әсерін тигізген еді. Уақыт өте шындықтың беті ашылды, кешегі күйе жағылған адамның ақтығы дәлелденді. Қудалаушылардың өздерінің былықтары әшкере болды. Мұзекең партбилетін де қайтып алды. Давыдовтың айтағымен сол тұста «Правдаға» Ахановпен бірге Шет ауданының бірінші хатшысы М. Әбақанов, обкомның хатшылары Н. Ибраев, Ж. Аралбаев туралы да жалалы мақалалар жазылып, негізінен ұлт кадрлары қуғынға ұшыраған болатын.

«Адамға бәрінен қымбаты — ары мен абыройы» деп түйіндейді шер заманның ноқтасына басы сыймаған ардагер ағамыз. «Алла жанымды алсаң да абыройымды алма» деген бабалар ұлағатын өмірдегі басты ұстанымына айналдырған. Кезінде ақиқат үшін айқасқа түскен Мұзағаң сондықтан да мұқалмады. Сексеннің сеңгірінен асқан ағамыз бүгінде де Тәуелсіз еліміздің мүддесі жолындағы ой-пікірін орынды жерде білдіруден тартынған кезі жоқ. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, халқымыз аман-есен болса екен деп тілейді ел ағасы. Қадірменді қария өсіп-өнген бала-шағасының ортасында бақуатты күй кешуде.

Амандық РАХҰЛЫ

«ҚОНАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІНДЕ СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛДЫҚ»

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын Дінмұхамед Қонаевты Қазақстан Компартиясы Бірінші хатшы қызметінен босатқан Орталық Комитеттің 1986 жылғы 16 желтоқсандағы Пленумы тұтандырды. Саяси бюро атынан КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г. Разумовский шығып сөйледі. Ол Қазақстан Компартиясы Бірінші хатшылығынан босату туралы саяси бюро шешімін таныстырып, Д. Қонаевтың орнына Г. Колбиннің тағайындалғанын хабарлады. Бұл шешім туралы хабар республикалық радиодан 16 желтоқсанда күндізгі сағат үштерде берілді. Сол күннің кешінде қалалық Ішкі істер басқармасы мен республика Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне жергілікті халық өкілдері арасынан Пленум шешіміне қарсылық білдірушілер туралы хабарлар түсе бастаған. Әсіресе, студенттер мен жұмысшылар жатақханаларында Пленум шешімін қызу талқылау жүріп жатты.

Қызу талқылаудың бірі Алматы байланыс техникумында болған еді... Бүгінгі кейіпкеріміз Желтоқсан көтерілісінде тоталитарлық жүйе құрбаны Дүйсенбек БАЙБОЛОВПЕН әңгіме де сол оқиғалар төңірегінде өрбіді.

– Дүйсенбек аға, еске түсіру қаншалықты ауыр болса да, бір сәт сол кезге оралып, Желтоқсан оқиғасының қалай болғанын  баяндап берсеңіз?

– 1986 жылы желтоқсанда жұбын жазбаған, қол ұстасып, аппақ көңілмен әділдік іздеп алаңға барған, «Менің Қазақстаным» деп ән айтқан қазақ жастарымен мен де бірге едім. Әлдекімдер арсыздықпен абалатып қасқыр-иттерді, қорқаудан жаман қарулы солдаттарды, мәңгүрт милиционерлерді өрімдей жастарға қарсы айдап салды. Сол бейнелер әлі көз алдымда...

Мен тұратын жатақхана Сәтбаев көшесінде яғни, бұрынғы Брежнев алаңына жақын орналасқан еді. Таңертеңгілік таңғы алтыдан бастап сол жерге кісілердің жиналып жатқанын көрдім. Ойымда ештеңе жоқ, сағат сегіздер шамасында сабаққа келдік. Ол кезде мен Алматы байланыс техникумында 2 курс студенті едім. Техникумға келсек қызу талқылау жүріп жатқанын естідім. Сөзсіз, мен сол жерден табылдым... Біздің жанымызға батқаны «Неге қазақ елін қазақ басқармайды?» деген сұрақ еді. «Жігітті намыс өлтіреді» дейді ғой, бойымызда «Қазақ» деген қанымыз тасып тұр, алаңға шығып қолдау көрсетпеуге арландым. Әлі есімде, даладан қатты айқайлаған дауыстар естіліп жатты. Бәріміз терезеге қарай ұмтылдық. Қарасақ, қолдарында көтерген ұрандары бар бір топ жастар: «Алаңға шығыңдар!» деп айқайлап тұр. Сабақ біткен соң бәріміз алаңға барсақ, адам біраз жиналып қалыпты. Менің таңғалғаным, онда жиналған жастар бір-бірін құшақтап, келгендердің бәрін бірге туған туыс-бауырдай қарсы алып жатыр. Сол қарқынмен қас қарайғанша Алматының барлық көшелерін аралап шықтық. Барлық техникумдар мен оқу орындарын аралап, үгіт-насихат жүргіздік. Алдымыздағы қаптаған жастар бір-біріне ілесіп, қатарымыз көбейе түсті. Қас қарая барлығы тарады. Жатақханаға келсек барлығы шулап жатыр, бір-бірімізден амандық сұрасып, келесі күні тағы шығуға бел байладық. Таңды әзер атырып, ондар шамасында тағы да алаңға группа болып шықтық.

Бейбіт наразылықтың соңы сол күні төбелеске айналып, шиеленісіп кетті. Қыздарымыздың шашынан жұлып, жігіттерімізді дубинкамен ұрып жатқанына бей-жай қарай алмадық. Біз де бұрқ етіп, төбелестің нақ ортасына кіріп кеттік. Милициялардан дубинка, темір-терсектерін тартып алып, қарсы шықтық. Көкала қойдай таяқ жеп, кешкісін тағы жатақханаға қайттық. Барлық жеріміз жаралы болғанына қарамастан, келесі күні тағы шығуға уәделестік. Қасық қанымыз қалғанша еліміз үшін аянбауға серттестік. Үшінші күні, яғни 18 желтоқсан күні алаңға тағы беттедік. Сол күні де төбелестің астында қалдық. Г. Князевтің бұйрығы бойынша қалқанмен, сойылмен қаруланған солдаттар күшпен таратуға кірісті. Қорғандар ағаш бұтақтарына жұлып, үйлердің көмкере жақтауларын қопарып ала бастады. Әскерлерге таяқ, тас жауды, «жедел жәрдем» машиналары екі жақтың да жарақаттанғандарын әкетіп жатты. Қыздарымыз бен жігіттеріміздің шашынан жұлып, ойына келгенін істеп, БТР-мен қуып, су шашатын машиналармен су шашып жатты, мен сол көріністердің барлығын көрдім. Сол күні де қатысып, кешке қарай қашып шықтық. Жатақханаға келсек барлығы шулап, ойымда ешнәрсе жоқ барып жатып қалдым.

– Дүйсенбек аға, осы үш күнде де көтеріліске қатысып, аман қалдыңыз. Тағдырым енді не болар екен деп ойландыңыз ба сол кезде?

– Бойымда қан ойнап тұрған уақыт. Ешнәрсенің байыбына барып ойланған емеспін. Күндегіше өмірімді сүріп, сабағыма барып жүрдім. Кураторымыздан ұрыс естідім, бірақ, ештеңеге мән бермедім. Арада 4-5 күн өткен соң мені милицияға шақыртты. Алматыда «Целинный» кинотеатр деген бар, соның жанында орналасқан милиция орталығына алып барды. Сол жерде мені тергеуге алды. Менің тағдырымның қиын шақта тұрғанын сонда ғана түсіндім. Себебі, мені бірге оқып жүрген жолдастарым мен ұлты орыс кей ұстаздарым сатып жіберді. Алаңға біздің топтың барлығы шықса да, тек мен ғана тергеуге алындым. Бұл жағы маған жұмбақ болып қала берді. Екі күн тергеуге алып, мені республикалық прокоратураға алып келді. Амангелді Есдаулетов есімді прокурор мені тексеріп, мойындауға мәжбүр етті. Бостандықта жүріп тергеуге алды. Менің мойындауыма тура келді. Себебі, енді ешқайда қашып құтыла алмайтынымды білдім. Алдарында менің сөйлеп тұрған, плакат көтеріп тұрған фотоларым сайрап жатты... Желтоқсан айының аяқ жағында мені «қамауға алынсын» деген санкция берілді. Алматы қаласында бір айдай қамауда болып, кейіннен соттың шешімімен 11 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Бұрынғы Шевченко облысы, Маңғышлақ қаласы қазіргі Ақтау қаласында жарты жыл отырдым. Қасымда бірге отырған теміржол институтының деканы Жеңіс Бибанов екеуміз Мәскеуге жылымызды қысқарту жайлы шағым жазып, бізді Алматыға қайта алғызды. Алматы қалалық сотының 1987 жылғы 17 ақпандағы үкімімен Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60, 65-баптары бойынша 5 жылға бас бостандығымнан айырды. 17 желтоқсанда Алматы қаласындағы бұрынғы Брежнев атындағы алаңда компартия  шешіміне қарсылық көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзатын топтасқан әрекеттерге белсене қатысып, өкімет орындарының қызметкерлеріне, милицияға және солдаттарға тас, кесек лақтырып, қолына таяқ алып, оларға қоқан-лоққы жасаған әрекеттері үшін кінәлі деп тапты.

– Содан кейінгі тағдырыңыз қалай болды?

– Солай бостандықпен қоштасып, түрмеге кете бардым. 6 ай сайын этаппен ауысып, Ресейдің біраз қалаларында түрмеде болдым. Бір жылы 12 қаңтар күні Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде бізді алып шығып, дымымызды қалдырмай сабады. «Қонаевшылар» дейтін бізді. «Халық жауы» деп кінәлайтын. Күндер зымырап өте берді, үйіме хат жазуға мүмкіндігім болмады. Қан жұтып, жылдар жылжи берді. Көрген азабымды мен тіпті жауыма да тілемеймін. Кешегі «халық жауы» деп таныған Міржақыптардың күйін кештік. Мен ешқашан тағдырыма налыған емеспін. Алаңға шықсам мен оны келешегіміз үшін істедім. 1990 жылы Өскемен қаласында босап шықтым. Содан бірден туған жерім Ұлытауға жол тарттым.

– Түрмеден соң өмірге қайта келу қиын болған шығар?

– Мен түрмедегі азаптың қандай екенін ұмытып кеттім. Мені «халық жауы» деп санап, маған қырын қараған адамдар да болды. Шамалы уақыттан соң Терісаққан ауылына көшіп кеттім. Сол жақта отбасылы болып, жаңадан өмір бастадым. Қазіргі таңда 3 балам бар. Құдайға шүкір, үбірлі-шүбірлі болып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайым бар.

– Қай жылы ақталдыңыз?

– Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Қазақстандағы 1986 жылдың 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы» және «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңдарына сәйкес 1987 жылғы 17 ақпан мен 1991 жылғы 18 қазан аралығында саяси құрбан ретінде саналғаным үшін ақталсын деген үкім шықты. Бірақ, мен бұл қағазды тек 2003 жылы ғана қолыма адым.

– Тәуелсіздік күніне орай елге қандай тілек айтасыз?

– Қазақ жастарының намысын оятып, басын біріктіру біздің басты мақсатымыз еді. Сол мақсат орындалды. Жүрегі елім деп соққан әрбір жас, тіпті мектептің 10,11-сынып оқушыларына дейін сол алаңнан табылды. Біз болашақ ұрпағымыз үшін алаңға шықтық. Міне, көптен күткен азаттығымызға қолымыз жетті. Егемендік жолы ауыр жол болды. Қазақ халқы осы жолда талай қырғынға да ұшырады, ұлт ретінде жойылып кету қаупін де көрді. Сондықтан, Тәуелсіздіктен қымбат ешқандай құндылық жоқ! Ең бастысы, көк туымыз желбіреп, болашақ жастарымыз бақыттың базарында болса қандай ғанибет?! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстанымыз өркендеп, халқымыз бай, қуатты ғұмыр кешсін деймін!

Сұхбаттасқан Перизат ШӘМШІБЕК

Озық жазу үлгісі

Қалалық №9 кітапханада «Латын әліпбиі –
 рухани тәуелсіздік жолы» тақырыбында ақпараттық сағат өтті.

Аталмыш іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – жаңа әліпбиге көшу қазақ халқының алға жылжып, заманға сай өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосу екенін оқырмандарға түсіндіру еді. Ақпараттық жиынға кітапхананың белсенді оқырмандары, медициналық колледж және №10 орта мектептің оқушылары қатысты.

Латын графикасына көшу жайында мәселе қозғалған тұста қоғам белсенділік танытуда. Көптеген жобалардың ұсынылуы, түрлі деңгейдегі талқылаулардың өтуі соның дәлелі. Түрлі кезеңдерде қолданылған жазулардың тарихына жазушы Шамхан Рахметов тоқталып өтті. Сонымен қатар, журналист жазудың ұлт мәдениетінде алатын орны ерекше екенін айтып, жаңа әліпби әлемнің мәдениетімен, өркениетімен қауыштыратын құрал екенін алға тартты. Жастар да белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды.

Оқушылар әліпби ауыстыру ана тіліміздің болашағын ойлап, оның қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге, мәртебесін көтеруге бағытталған шешім екенін жетік түсініп, бір кісідей қолдайтындарын жеткізді.

Шара барысында оқырмандар арасында «Ойлан, тап» ойыны өткізілді. Ойын шарты бойынша қатысушылар берілген латын графикасындағы әріптерден сөздер құрастыру керек еді. Ойын нәтижесінде оқушылар қиналмастан он шақты сөз жазды. Бұл жаңа әліпбиге көшуде қиындық тумайтынын айғақтаса керек.

Арайлым Күнтуғанқызы
Суретті түсірген
 Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Рухани
еркіндігіміздің айғағы

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі мәселесі Жезқазған гуманитарлық колледжінде де сөз болды.

Колледж ұстаздарымен кездесуге кел-
ген «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғазиз Ештанаев және Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Дархан Мұқанов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы төңірегінде әңгіме өрбітіп, ел руханиятындағы елеулі сер-
пілістерді тілге тиек етті.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет дамуы мен қоғам өміріндегі қандай мәселені болсын жіті назарда ұстап, дер кезінде қажетті шешімдер қабылдап келеді. Рухани жаңғыру мәселесін көтерген соңғы мақала да соның айғағы. Бүгінде ел экономикасы жүйелі жолға түсіп, саяси құрылымдардың жұмысы бірізділендірілді. Осы ретте руханият саласына да сілкініс керек болғаны анық. Бұл біле білсек, шынайы Тәуелсіздіктің, рухани еркіндіктің белгісі. Президент мақаласы, ондағы міндеттер қоғамның қызу талқылауына түсіп, үлкен қолдау тапты. Көптеген мәселелер бойынша ел пікірі, халықтың ұсыныстары ескерілуде, – деген Гүлмира Изатуллақызы латын әліпбиіне көшу мәселесінің де бүгінде шешім тапқанын, ендігі уақытта тілші ғалымдардың жұмысы жанданатынын айтты.

«Тілтану» орталығының басшысы Ғазиз Ештанаев әліпби ауыстырудың асығыстық пен тек саяси себептер жетегінде кетуі қауіпті екенін ескерте отырып, Қазақстандағы жазу реформасының дер кезінде, елмен санаса отырып, жүріп жатқанын атап өтті.

– Тіл – ұлттың жаны десек, сол тілдің таңбалануы, сол арқылы тілді жұрттың оқып, білуі әліпбидің тиімділігіне, қолданысқа қолайлылығына тікелей байланысты. Елбасы мақаласы жариялана салысымен қоғамда әліпби ауыстыру жайы, түрлі әліпби нұсқалары қызу талқыланды. Парламентте қоғамдық тыңдау өтті. Ең бастысы латын әліпбиіне ауысатынымыз жөнінде саяси шешім қабылданды. Нақты мерзім белгіленді. Мұның өзі – үлкен жетістік. Ендігі міндет тілші ғалымдар мен заманға сай ғылым, техника саласының белді, беделді қызметкерлеріне артылып отыр. Үкімет жанынан құрылған комиссия құрамындағы жұмысшы топтары жаңа әліпбиге негізделген қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық ережелерін, термин, тағы басқа мәселелерді жүйелеп шығады. Біз бұл реформаға үлкен ішкі дайындықпен келіп отырмыз, – деді Ғазиз Елеусізбайұлы.

«Сарыарқа» газетінің редакторы латын әліпбиіне көшу әлемнің әр түпкіріне тарыдай шашылған қазақ халқының мәдени байланысын нығайтып, өзара қарым-қатынасты жетілдіріп қана қоймай, осыған дейін ес-керілмей келген тіл талаптарын, қазақ тілінің өзіне тән заңдылықтарын қалпына келтіруге де зор мүмкіндік беретінін жеткізді.

Шара барысында колледж ұстаздары латын әліпбиімен түрлі мазмұндағы мәтін-дер жазып, оны талдап, өздерінің жаңа әліпбиді жоғары деңгейде меңгергендіктерін көрсетті.

Өз тілшіміз.

Латын әліпбиімен диктант жазды

Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты ашық сабақ өтті.

Аталмыш білім ордасының студенттері латын графикасына көшуді қолдап, латын қарпіндегі жазу-сызуды бастап та кетіпті. Жастар арасында латын әліпбиін насихаттау мен жаңа әліпбиді жазуға машықтандыруды және жазу сауаттылығын жетілдіру мақсатында өткен ашық сабақта 1-2 курс студенттері «Бөрік» диктантты латын қарпінде жазды.

Латын қарпін күнделікті өмірде қол-данып-ақ жүргендіктен студенттердің көбі берілген тапсырманы орындап шықты. Бірақ, жаңа үлгідегі әріптер ағылшын тілі пәнінен таныс болғанымен, диктант жазу кезінде қиындықтар туғызды. Дәлірек айтқанда, қазақ тіліне тән төл дыбыстарды жазу студенттер біраз ойланып қалды. Көз үйренген кириллицадан латын әліпбиіне көшу үшін әлі бірталай уақыт керек деген пікір білдірді білім алушылар. Әйтсе де, студенттер жіберілген қателерді түзетуге болады дей келе, жазу реформасына енген өзгерістерді қолдайтындарын жеткізді.

Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА
Суретті түсірген
 Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Қазақ тілінің жаңа белесі

Қаламыздағы №2 кітапханада ана тіліміздің жаңа графикаға көшуіне
байланысты кездесу өтті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев әліпбиді көшіру жөніндегі жарлыққа қол қойғаннан бері қоғамда түрлі ұсыныстар, пікірлер айтылуда. Латын әліпбиіне көшуді еліміздегі тіл мамандары мен елдің рухани өміріне, мәдениетіне, тіліне жанашыр азаматтар оңтайлы бетбұрыс ретінде бағалап жатыр. Латын әліпбиіне көшу – біршама уақыттан бері қолға алынып келе жатқан, қоғамда талқыланып піскен мәселе. Мамандардың айтуынша, кирил графикасымен жазылған барлық кітап, әдеби шығарма, құндылықтар түгелдей латын әрпіне әп-сәтте ауыстырылатын болады. Елбасының тиісті жарлығында 2025 жылға дейін толықтай көшірілу жоспарланған.

          Жиынға қатысқан кітапхананың жас оқырмандары осы мәселе жөнінде өз ойларын білдірді. Жас буын өкілдері жаһандануға бағытталған бетбұрысты бір ауыздан қолдайтындарын жеткізді. Өйткені, жастар ақпараттық технология заманында латын графикасының алар орны ерекше екенін жете түсінеді. Сонымен қатар, мектеп оқушылары жаңа графиканы үйренуде де қиындық тумайды деп сенім білдіруде. Кітапхана қызметкерлері қазақ тілінің латын қарпіне көшірудегі елдің алдында тұрған мақсат пен міндеттерді барынша түсіндіріп, оқырмандарға ақпарат берді.

Сара ТЕМІРҒАЛИ
Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Бабалар жолы адастырмайды

Діни экстремизмге қарсы тұру, деструктивті діни ағымдар насихатына тосқауыл қою мақсатында құрылған республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, діни басқарма жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Құрбанұлы жезқазғандықтармен кездесіп, дін мен қоғам қатынастарындағы өзекті мәселелер жөнінде келелі сұхбат құрды.

Кездесуге Жезқазған аймақтық Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің бас имамы Мәди Смағұлов, құқықтанушы, «Жез Тағылым» ҚБ төрағасы Хансейіт Бөлен, Жезқазған қа-ласы ішкі саясат бөлімі конфессияаралық қатынастар мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры Гүлнұр Жолашарова да қатысты. ҚМДБ өкілі кездесуге жиналған қауымға еліміздегі діни ахуал, мемлекет басшылығының ата дініміздің қанат жайып, ислам құндылықтарының орнығуына жасап жатқан қамқорлығы, діни білім алудың шарттары, мемлекет пен дін қатынасының маңызды тұстары жайлы кеңінен әңгімеледі.

– Ең алдымен мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықты терең түсінуіміз керек. Еліміз Тәуелсіздік алғанда қаншама мешіт болды, қазір қанша мешіт салынып, қызмет етіп тұр? Бұрын діни білімі бар азаматтар саны қанша еді, қазір қанша? Бүгінде ата дініміздің еш кедергісіз насихатталып, қанат жаюына орай, Аллаға шүкір екі мыңның үстінде мешіт бар. Бұрын діни білім алу үшін мына тұрған Бұқарадағы оқу орнына оқуға түсу мұң болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол мәселе де біртіндеп шешілді. Қазір Қазақстанның өзінде діни білім беретін бір университет, отыздың үстінде медресе бар. Мұның барлығы мемлекет қамқорлығының арқасында болып жатқан жетістіктер, – деген Сансызбай Құрбанұлы ислам дінінің атын жамылып, ел ішінде іріткі туғызатын, бүлікке бастайтын жат ағымдар жайлы да сөз етті.

– Қызбалыққа салыну, діни қағидаларды жеңіл-желпі түсіну жақсылыққа апармайды. Қаншама жастарымыз теріс жолға түсіп, әке-шешесімен, туыс-туғанымен араздасып, алды шетел асып соғысқа кетті. Сол қыз-жігіттеріміз дінді ойыншыққа айналдырған біреулердің қол шоқпары болып отырғанын біле ме? Мәселен, сол соғыс болып жатқан Сирияның айналасында қаншама мұсылман мемлекеттер бар. Бір ғана Түркияны алайық. Сириямен арасындағы шекарадан адамдар емін-еркін өтіп, қарым-қатынас жасай алады. Бірақ, Түркияның жастары жаппай соғысқа кетіп жатқан жоқ қой? Демек, оларға ондай соғыстың керегі жоқ. Онда біздің жастардікі не шабылыс? Бала-шағасымен соғысқа кетіп, өзі өліп, әйел-баласы қаңғып қалғандар қаншама? Мұндай адасушылықтар дінді жеңіл түсінуден, мына дүниенің заңдылықтарынан хабарсыз болудың салдарынан. Мұсылман ақысы, ағайын ақысы, көрші ақысы деген ұғымдарға мән беру керек. Біреуді намаз оқымадың деп кәпірге шығару, ағайынмен араздасып, жанжалдасу біздің діннің белгісі емес. Қазақ қашан да көршіңмен тату бол, ағайыннан алыстама, адамзаттың бәрін бауырыңдай сүй дейтін қағидаға сүйенген халық. Олай болса, бір мұсылман бір мұсылманға қару кезенген, жетім-жесірді жылатқан ондай теріс ағымдардан іргемізді аулақ салуымыз керек, – деген ол кездесуге жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, жастарды жат ағым өкілдерінің арбауына түсіп қалмаудан сақтандырып, дін мәселесінде қандай да бір сұрақ туындаса, осы салаға жауапты мемлекеттік мекемелерге, мешіт қызметкерлеріне жүгіну қажеттігін ескертті.

Өз тілшіміз
Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

АТЫНА ЗАТЫ САЙ АЗАМАТ

Талбесіктен жер-бесікке дейін адамда өзгермейтін бір нәрсе бар, ол — азан шақырып қойған аты. Соның салдарынан, кейде құжаттағысына қарамай, ауылдастың ауанымен, екі есім иеленіп жүрген де бар.

Ал, «талтүске» табан тіреген Әділ достың аты, Алла Тағаланың қалауымен, әу бастан-ақ солай ұйғарылған сияқты. Тәңірдің тартуы шығар, табиғат берген мінезінде мін жоқ.

Жоқтан өзгеге жөнсіз жалбақтау, өзінен осалға өктемдік көрсету секілді жағымсыз қасиеттен ада. Қайта қолынан келсе жақсылық жасауға, қолтықтан демеп жіберуге дайын тұрады.

«Байқоңырдың» мектебіне бірге бардық. Кенжемұрат ұстаздан дәріс алдық. Әдетте, «үлкен өмір жолы» деп, орта мектептен кейінгі кезеңді айтып жатады. Маған сол құрғырың мектеп табалдырығында тұрғандай көрінеді.

Қалай аттадың, қалған ғұмырың сол алтын ұядан алған ілімің мен біліміңе, тәлімің мен тәрбиеңе қарай қалыптасады. Әсіресе, соңғы екеуі салмақты. Тәрбиесіз берген білім қатерлі екенін талай ғұлама айтқан.

Қалақтай қара бала қайсарлығымен көзге түскен. Ешкімге есесін жібермейтін. Біреуге қиянат жасағанын да көрмеппін. Біртоға, бұйығы жүретін. Онысы, бәлкім, әкеден есін білер-білместе қалғандықтан болар.

Бірақ, босбелбеу болған жоқ. Есейген сайын ашылып, белсенді оқушының бел ортасында жүрді. Сабағы жағынан қамшы салдырмады. Кейде жақсы оқитын баланың «еркелігі» болады.

Сондай «еркеліктің» талайын бірігіп жасадық. Ең бастысы, «еркеліктің» есерлікке ұласып кетпеуін қадағалап, тура жолға салған ұстаздар қауымына рахмет! Білім ордасынан білдей азамат етіп шығарып салды.

Қазір ол — ордалы отбасының сенімді тірегі, адал жар, ардақты әке, асыл ата. Ұл-қыз сенімді ақтады, немере тәтті қылығымен тәнті етті. Атақ аламын, қызмет қуамын десе, оның толық мүмкіндігі бар еді.

Бірақ, ол адами қарым-қатынасты, адамгершілікті бәрінен жоғары қойды. Соған сай құрметке кенелді, төрден орын бұйырды. «Алпыстың ауылына» атбасын бұрған менің досым Әділ Әбікенов осындай азамат!

Әлібек ӘБДІРАШ

«Құрмет белгісі»
табысталды

Жезқазған қалалық сотында Тәуелсіздік күніне орай марапаттау салтанаты өтті.

Қалалық сот төрағасы Марат Көкішев Қазақстан судьялар одағының шешімімен отставкадағы судья Жұбаныш Мәсенов «Судьялар одағының құрметті мүшесі» Құрмет белгісімен марапатталғанын хабарлап, ардагерге «Құрмет белгісін» салтанатты жағдайда табыс етті.

Сондай-ақ, жақында Астанада өткен Қазақстан медиаторларының жиынында «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті медиация саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар белсенді азаматтарды марапаттаған болатын. Осыған орай кәсіби медиатор Жұлдыз Есмурзинаға «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігіне 6 жыл» мерекелік медалі табысталды. Сонымен қатар, қалалық соттың бірқатар қызметкерлері мен БАҚ өкілдері де медиацияны дамыту орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Өз тілшіміз
Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Көмек қолын созды

Қамқорлықты өзінің басты қағидасы санайтын «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясының Қарағанды филиалы кеншілер қаласында тілсіз жаудың салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға қолұшын созды.

Осыдан бір ай бұрын Сәтбаев қаласындағы Гурба көшесі, 79-үйдің тұрғындары шырт ұйқыда жатқанда қызыл жалын  үйдің екінші қабатын шарпып, жеті отбасын баспанасыз қалдырған еді. Тек құжаттарын аман алып, далаға шыққан тұрғындар бүгінде қалалық әкімдіктің қамқорлығымен қонақүйлерге орналастырылып, тұрғын үй кезегіне қойылған.

Бірқабат киіммен далада қалғандардың қайғысын  қос қаланың қайырымды жандары бөлісуде. Бірі азық-түлікпен қамтып жатса, тағы бірі киім-кешек пен мектеп жабдықтарымен көмектесуде.  Ал, қазақмыстың нұротандықтары болса,  зардап шеккен отбасы балаларына қыстық киім сатып алуды құп көріпті. Барлығы сегіз баланы өздерінің қалауы бойынша киіндірді. Балалар өздеріне ұнаған күрте, бас киім мен аяқкиімді дүкен аралап алған. Бір айта кететіні, киім-кешектердің бәрі сапалы әрі бағасы да арзан емес.

Сәтбаевтық отбасылардың қайғысын халыққа жеткізіп, оларға қолдау танытуға шақыруды мақсат еткен  «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясының Қарағанды филиалы қызметкерлері сатып алынғандарды салтанатты түрде табыстады. Партия жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі  Сәкен Смағұлов  сөз алып, аталған қайырымдылық шарасы «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында өтіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, партиялықтар  зардап шеккендерге көмек көрсетуді өздеріне парыз санайтынын жеткізді. «Адал Еңбек» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы Сәбит Өмірзақов та «қайғыны бөліссең азаяды» деген ұстанымда екенін жеткізіп, әріптесі  Зоя Салимованың отбасына 100 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсететін болды.

«Адамның күні адаммен» демекші барынша қолдауға ие болған Гурба көшесі, 79-үйдің тұрғындары алғыстарын жаудырып жатты.

– Жезқазғандықтар мен сәтбаевтықтарға үлкен алғысымды білдіремін. Екі  баламен үйсіз-күйсіз қалғанда қолдан келгендерін аямай жатыр. Біздің пәтерге өрт жетпеді, бірақ, өрт сөндірушілер мен үстінгі қабаттан саулаған су үйдегі жиһаз атаулыны бүлдірді. Өзімізбен алып кете алмаған ас үй заттарын   өзгенің мұңына бей-жай адамдар ұрлап жатыр. Сол әрине қынжылтады, – деп ішкі жанайқайымен бөлісті қыстық киіммен қамтылған Рафаэль мен Виолетаның анасы Зоя.

Диана ОРАЗАЛИНА
Суретті түсірген Ғалия Әбдіғаппарова

Елорда мерейтойы
бастау алды

«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы ғимаратында  Астана қаласының 20 жылдығын атап өту шараларының басталуына орай салтанатты жиын өтті. 

Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеудің «Ел жүрегі – Астана»  тұжырымдамасы бекітілді. Осы құжатқа сәйкес еліміздің бас қаласының мерейтойы ІІІ кезең бойынша аталып өтеді. Олар: дайындық, негізгі және мереке алды кезеңдері.

Қаламыздағы «Ерікті» жастардың флешмоб биімен бастау алған айтулы іс-шара салтанатты жиынмен жалғасты. Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова кіріспе сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, Зина Жұманазарқызы қаламызда дәстүрлі түрде өтетін «Ұлытау үні» аймақтық фестивалі, «Біз – Астананың құрдасымыз» жастар форумы, түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар мен мерекелік кештер Елорданың мерейтойы аясында өтетін атап өтіп, келер жылдың жоспарымен таныстырды.

– 2018 жылы 5 қабатты 30 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталады. «Жастар» саябағы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылады. 320 орындық балабақша ашылып, жеке мақсатта қолдануға 600 жер телімі халық игілігіне берілетін болады. Бұл айтылған жұмыстар Астана қаласының 20 жылдығы аясында өткізіледі.

 «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, «Спортты дамыту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Саят Балмағанбетов мерекелік науқанның басталуымен құттықтады. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің оқытушысы Ақансері Сүлейменов соңынан еріп, ізін басқан жастарды ағылшын тілін меңгеруге шақырды. Осылайша өскелең ұрпақ еліміздің, бас қаламыздың дамып, өркендеуіне өз үлесін қоса алады деп сенеді оқытушы.

 Елордасы Астананың 20 жылдық мерейтойы шымылдығын түріп берген аталған жиын мерекелік концертке ұласты. 

Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА
Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Жаңа биіктердің
бастауы

Жезқазған университетінде «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаңа жаһандану табалдырығындағы ғылым» тақырыбында ХVII халықаралық Ө.Байқоңыров атындағы оқулар өтті.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында өткен жиынға алыс және жақын шет елдердің, республикамыздың жоғарғы оқу орындарының, колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдері, ғылыми қызметкерлері қатысты. Конференцияда  Жезқазған университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Әбділмәлік Тәкішев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өмірхан Байқоңыровтың қызы, техника ғылымдарының докторы Әлия Өмірханқызы сөз сөйлеп, Байқоңыров атындағы оқу-лардың ашылуымен құттықтады.

Жезқазған университетінің ректоры Әбділмәлік Арғынұлы академиктің қызына А.Байтұрсынов атындағы алтын медальды табыстады. Пленарлық мәжілісте білім беру мен ғылым, тау-кен, экономика салаларының өзекті мәселелерін көтерген мақалалар талқыланып, барлығы 95 баяндама тыңдалды. Дәстүрлі конференция биыл үш секция бойынша жұмыс жасады. Олар: академик Ө.Байқоңыров және жоғары мектеп; қазіргі заман жастарының рухани-танымдық тәрбиесі – Қазақстан қоғамындағы толе-ранттық дәстүрлерді сақтаудың кепілі; Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық бағдарламалары.

Арайлым Күнтуғанқызы
Суретті түсірген
Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА