Развернуть
Аппарат акима города Жезказган
Официальный сайт государственного учреждения

МАУСЫМ СӘТТІ ЖАБЫЛДЫ

16 июля 2017

МАУСЫМ СӘТТІ ЖАБЫЛДЫ

 

С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театры өнер жолындағы 45-ші маусымын зор өрлеу үстінде сәтімен жапты. Сахна саңлақтары үшін көрермен ықыласынан асқан ештеңе жоқ. Бұл жөнінен серкеліктердің серпіле айтар жетістіктері аз емес.

 

Театр маусымының Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен әйел» қойылымымен жабылуы да көрермендердің айрықша ықыласын туғызды. ҚР Мәдениет қайраткері, кәсіби театр саласындағы республикалық «Еңлікгүл» сыйлығының лауреаты Әбілқасым Шоманұлы қойған бұл психологиялық драма осы жылғы репертуардың салмақты дүниесі болып шыққанын атап айтқан жөн. Тәжірибелі актердың режиссурадағы дебютіне айналған бұл спектакльдің әрбір қойылымына көрермен қауым қызығушылықпен келіп, сахна шеберлерінің ойынын үлкен толғаныс үстінде тамашалады.

Лажсыздықтың құрбаны болған бір отбасының қасіретті жағдайы маусым жабу қойылымына келушілерді де бейжай қалдырмады. Қала ардагерлерінің бірі, өнер жанашыры Шәбден Сүлейменов өзінің қойылым туралы пікірі мен ішкі тебіренісін іркіп қала алмай, көреремендер атынан көшелі сөз айтты. «Осындай қоғамның жемқорлық пен ар-ұяттан безген бүгінгі дертті тұстарын бүркемелемей, ащы да болса шындықты арқау еткен қойылым театрға бізді тіпті жақындата түседі»,-дей келіп, актерлардың ойнау шеберлігіне де ризалығын білдірді. КСРО Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Халық артисі Ыдырыс Ноғайбаев пен Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы болған кезінде осы театрдың шаңырағын өз қолымен көтерген қоғам қайраткері, қазақтың айтулы азаматы Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Аңыз адам» журналының екі нөмірін арнайы әкеп сыйға тартқан Шәбден ақсақал сахнада атасына деген кіршіксіз махаббатын риясыз танытып, басты кейіпкер Таубайдың немересі Еркетайдың рөлінде ойнаған Ғани Жүсіптің қолына ақша ұстатып, сүйсінісін тағы білдірді.

Биылғы жылдың соңына таман өнер ордасы шаңырақ көтергендерінің 45 жылдығын атап өтпекші. Театр маусымы жабылғанмен, өнер ұжымының алдағы жоспарлары мен межелері сахна шеберлерінің көп уақыт көсіле демалуына мүмкіндік бермейтіні анық. Қыркүйек айында Астанадағы Экспо қонақтары Серке театры сахналаған «Әбілмансұр» тарихи драмасын тамашалайды. Одан әрі жаңа маусымның қойылымдары басталмақ. «Тендерге түскен әйел» спектаклінің авторы Медеу Сәрсекемен келелі кездесу де — қоңыр күздің еншісінде.